Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында "Сергек" қоғамдық және жол қауіпсіздігін бейнебақылаудың зияткерлік жүйесі шілде айының бірінен бастап іске қосылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысының цифрлық технологиялар басқармасына сілтеме жасап.
Қазақстандық әзірлеушілердің "Сергек" өнімін орнату бірінші кезекте жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға бағытталған. Ақтауда жолдардағы қауіпсіздікті 638 камера, ал Мұнайлы ауданында – 500 камера бақыламақ.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылатын жобаның шарты бес жылға жасалып отыр. Зияткерлік жүйенің құны 6,609 миллиард теңгені құрайды. Әзірлеушілер қауіпсіздік камераларындағы жазбалар 30 күн бойы сақталады және жол қозғалысы ережелерін бұзушылардың төленген айыппұлдарынан түскен қаражат жергілікті бюджетке жіберілетінін айтып отыр.